Мейірім шуағы төгілген салтанат

Қазанның 15-і күні халықаралық мүгедектер күні ретінде жария етіліп, бүгінде маңызды мерекелердің біріне айналып отыр. Қазақстанда мүгедек жандар үшін қоғамдық, мәдени, спорттық және саяси өмірде денісау азаматтармен бірдей мүмкіндік қарастырылған.
Қазір біздің ауданымызда да тағдырға мойымай, қоғамдық өмірге белсене араласып, іс бастап, онысынан табысқа кенеліп отырған мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз аз емес. Оның бір айғағы жерлесіміз Құралай Байменованың өзінің мойымас тірлігімен, тағдырды бағындырған ерлігімен халық қаһарманы атанғаны. Сәрсенбінің сәтінде сол тәндері ауырғанмен жандары жайдары жандардың құрметіне ауданымызда тағылымы мол шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Халықаралық мүгедектер күні кеңінен атап өтіліп, аудандық мәдениет үйінде салтанатты концерт, спорттық ойындар өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар шахмат, дойбы сынды спорт түрлерінен бақ сынап, өз араларынан жеңімпаздарды анықтады. Мәдениет үйінің фойесінде келген қонақтар назарына мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміздің қолымен жасалған бұйымдардан көрме ұсынылды.
Салтанатты шарада мүмкіндігі шектеулі азаматтарды аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет құттықтады. Ол қазіргі мемлекет саясатының басты бағытының бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық белсенділігін арттыру екенін айтып жеткізді. Оларды қолдауға арналған түрлі жобалар турасында жеткізді. Салтанатты шара барысында «Зәру» шипажайына жолдамалар, «Дару» оңалту орталығына сертификаттар табысталды. Сондай ақ жалғыз басты қарттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсеткен әлеуметтік қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хаттарымен мараптталды.
Мереке иелерінің барлығына аудан әкімінің атынан сыйлықтар үлестірілді. Мереке иелері мен жиылған көпшілік тамаша, мазмұнды концертті тамашалады. Сахна төрі мың құбылған бимен безеніп, әсем ән әуеледі. Туған жер, патриоттық сарындағы әндер көрерменге шат-шадыман көңіл күй сыйлап, домбыра күмбірі көпшіліктің көңілінің құлпын ашты. Мәдениет үйінің фойесіне олардың құрметіне кең дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.